Едильбаев Жакен Кенжегулович

  • Едильбаев Жакен Кенжегулович

Ұлы Отан соғысындағы оқиғалар күннен күнге алыстап барады. Атам заманнан бастап соғыстарға тек ер адамдар қатысқан болатын. Ал 1941 жылғы маусым айы кішіден қартқа дейін бүкіл ұлтымызды тұрғызып, еліміз бен жерімізді қорғауға мәжбүр етті. Сұрапыл соғыс жылдары тағдыр тауқыметін тартып, еліне деген махаббатын дәлелдеген ардагерлеріміз уақыт өткен сайын азайып келеді. Сондай ержүрек ардагерлердің бірі, соғыс жылдарында тылда еңбек еткен менің атам, Еділбаев Жакен Кенжеғұлұлы.

Ол 1930 жылы қазан айының 17 жұлдызында, Шығыс Қазақстан облысындағы Үржар ауданының Алексеевка ауылында дүниеге келген. Отбасындағы тоғыз баланың ең кішісі менің атам еді. Әкесі өте сауатты және шебер адам болған. Бидайды ұнтақтауға арналған су диірмендерін жасаған. Соғыс басталған жылы екі үлкен ағасы майданға аттанды. Ол кезде атам төртінші сыныпты бітірді, яғни он бір жасқа да толмаған еді.

Барлығын майданға жібергендіктен өмір сүру қиынға соқты. Тамақ, киім жетіспеді. Сонымен қатар, Үржар ауданына Мәскеу, Ленинград, Поволжьеден көп халық көшірілді. 1941 жылы атамның үйіне Гомель облысынан келген еврей отбасы қоныстанады, ал 1941-42 жылдары неміс Гейнц Петрдың жанұясы тұрды. Кейінірек олар колхозда жұмыс істеп, үй салып, біздің ауылда қалады. Қазірдің өзінде, сол немістер тұрған көшені "Берлин" деп атайды. 1944 жылдың наурыз айында шешендер отбасы Мусаевтар келіп, алғашқы уақыт сол үйде тұрады.
Атамның отбасы өте қонақжай еді. Екі отбасы бір нанды бөліп жеп, қайғы мен қуаныштарын бөлісті. Шешен отбасы 1957 жылға дейін ауылда тұрып, өз туған жерлеріне оралады. Көптеген ауыртпалықтарды бірге көргендіктен, менің атам олармен хат жазысып ұзақ уақытқа дейін қарым-қатынас жасады.

Соғыс басталғаннан бастап атам колхозда жұмыс істей бастайды. Өгізбен жер жыртады және қолмен бидай егіп, алған өнімді майданға жіберген. Соғыс жылдары тұрғындар суыққа да, аштыққа да қарамай егістікте еңбек еткен.

1945 жылы майданнан екі ағасы оралды. Еділбаев Сембек Кенжеғұлұлына Шығыс Қазақстан облысы, Үржар ауданы, Елтай аулында көше аты берілген болатын. Чукмаитов Слямбек ағасы, бүкіл Шығыс Еуропа майданның жолдарын жүріп өтіп, соғыстан кейін генерал атағын алды.

1951 жылы атам үш жыл тоғыз ай Қиыр Шығыста әскерде "Дважды Краснознаменная, Берлинская" артиллерия бригадасында қызмет етіпті. Бір жыл оқып, "есепші " ("вычислитель") мамандығын алады. Ол кезде отпуск деген өте сирек кездесетін жағдай. Атам стенгазет шығаратын. Оның конкурсында шыққан қабырға газеттері бригада көрмесінде бірінші орын алады. Саяси тәрбиеге де көп қатысады. Сондықтан атамды 1953 жылы күзде ауылға отпускке жібереді.

Әскерден оралған соң туған аулыында бригадир, меңгерушісі, кәсіподақ комитетінің төрағасы ретінде (профком) қызмет атқарады. Семейдегі ветеринарлық техникумды бітірді. Бірнеше мәрте аудан Кеңесінің депутаты болып сайланған.

Уақыт өте келе үйленіп, апаммен жанұя құрып тоғыз бала өсіреді.

Берлин қақпасы құлағаннан кейін Батыс Берлинді көрген бірінші қазақстандықтардың бірі болды. 1966-1971 жылдары Мәскеуде ұлттық шаруашылық көрмесіне, ал 1969 жылы ұжымшар мүшелерінің екінші cъезіне барады. Бірнеше рет "Қажырлы еңбегі үшін" медальдармен марапатталды. Атам 1990 жылы зейнетке шығып, "Құрметті азамат" деген атаққа ие болды.
Қазір ол ардагерлер Кеңесінің мүшесі ретінде мәдени-тәрбиелілік жұмыстарды атқаруға белсенді ат салысады. Өлеңдер мен естеліктер жазады.

Ауылда үлкен үй салып, үлкен бақша өсірген атам барлық балаларына жоғарғы білім бере білді. Оның үш ұлы мен алты қызы Қазақстанның түпкір түпкірінде және шетелде тұрады. Атам өсірген балаларының ішінде үш ғылым кандидаты, философия ғылымдарының докторы бар. Сонымен қатар екі қызы Германияда. Бір қызы көптеген елдердің елшіліктерінде қызмет етеді.

Атам Берлин қақпасы құлағаннан кейін Батыс Берлинде болған бірінші қазақстандықтардың бірі болды. Еуропаның Франция, Германия, Испания, Швейцария сияқты елдерінде болған. Балаларының үлкен жетістіктерге жетуіне атам зор үлес қосты. Қиыншылықтарға қарамастан өсіріп, баптап, армандарына жетуге көмектесті. Биыл 85 жасқа толатын атам 15 немере үш шөбере сүйіп отыр.

Ұлы Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында атамды Жеңіс Күнімен құттықтай отырып, оған зор денсаулық, тек қана бақыт , ұзақ ғұмыр тілеймін. Мен атамнан үлгі алып, әрқашанда мақтан тұтып жүремін.

Азамат Жакенов
Абылай хан атындағы Қазақ Халықаралық Қатынастар және Әлем Тілдері Университетітінің 1-курс студенті, Алматы қаласы

Нравится
Едильбаев Жакен Кенжегулович
Место рождения:
село Урджар Семипалатинской области
Звание:
Участник трудового фронта
Годы жизни:
1930