Подписывайтесь на канал Tengrinews.kz в WhatsApp
25 ноября 2019 16:40

Міржақып Дулатұлы неге түрмеден қашудан бас тартқан?

ПОДЕЛИТЬСЯ

Міржақып Дулатұлы Міржақып Дулатұлы

Осыдан 134 жыл бұрын қоғам қайраткері, қаламгер Міржақып Дулатұлы дүниеге келген. Жас кезінен патша өкіметіне қарсы шыққан ол репрессияға ұшырап, түрмеде қаза тапқан. Тengrinews.kz тілшісі ақынның өмірі мен еңбек жолын еске түсіреді.


Осыдан 134 жыл бұрын қоғам қайраткері, қаламгер Міржақып Дулатұлы дүниеге келген. Жас кезінен патша өкіметіне қарсы шыққан ол репрессияға ұшырап, түрмеде қаза тапқан. Тengrinews.kz тілшісі ақынның өмірі мен еңбек жолын еске түсіреді.

Ахмет Байтұрсынұлы сабақ берген

Міржақып Дулатұлы 1885 жылы 25 қарашада Торғай облысының Сарықопа ауылында дүниеге келген. Болашақ қоғам қайраткері бала кезінен анасының махаббатын сезініп үлгермеген. Міржақыптың екі жасында анасы Дәмеш дүниеден өткен. Анасы ауыл тұрғындары арасында әншілігімен көзге түскен.

Кейін әкесі 8 жастағы Міржақыпты ауыл молдасына оқуға берген. Өзінің айтуынша, ол надан молда болған. Сондықтан араб тіліндегі дұғаларды жаттағанынан басқа еш нәрсе үйренбегенін айтады.

Болашақ ақынның 12 жасында әкесі Дулат та қайтыс болады. Кейін 16 жасында Міржақып Дулатұлы Мемлекеттік орыс-қазақ училищесіне түсіп, бір жылдан соң ауылда мұғалім болып жұмыс істейді. Училищеде оқып жүргенде Дулатұлына Ахмет Байтұрсынұлы сабақ береді. Сол кезден бастап қос қоғам қайраткерінің әдеби және саяси қызметі өзара байланысты болды.

Патша өкіметінің саясатына қарсы шыққан

Міржақып Дулатұлы жас кезінен қазақ халқының саяси өміріне қатысып, орыс патшалығына қарсы шыққан. Дулатұлының жастық шағы қазақ даласында патша өкіметінің отаршылдық саясаты күш алып тұрған сәтте өтті. Сондықтан ол ауылда мұғалім болып жүре бере алмады.

1905 жылы 20 жастағы Міржақып ұстазы Байтұрсынұлымен бipre Қарқаралыдағы саяси-бұқаралық жұмыстарға қатысып, қазақ халқының атынан патша өкіметіне хат жазады.

Ал екі жылдан соң Патша жарлығымен қазақтар мен Сібір және Орта Азияның тұрғылықты елдері Ресей Мемлекеттік Думасына қатысу құқығынан айырылған. Сол кезде Дулатұлы "3 шілде заңы мен қазақтар" атты мақала жазып, Патша жарлығын сынға алған.

Кейін "Біздің мақсатымыз" мақаласында қазақтардың Ресейде құқықсыз халық екенін жазған. Мұнда салық елдің пайдасына жаратылмайтынын сынаған, "дінімізді мазақ қылып, кітаптарымызға тыйым салады" деген. Бұл мақаланы ол бүркеншік атпен жазған. Сондықтан кейін патша өкіметі мақала авторын тұтқындамақ болғанда, оны жазған Міржақып Дулатұлы екенін біле алмайды.

Дулатұлы көбіне Азамат, Мадияр, Таймінер, Түрік баласы және Арғын баласы деген секілді лақапаттарды қолданған.

1917 жылы жазда "Алаш Орда" үкіметін құрғандардың бірі болады. Сол жылдары аштыққа ұшыраған қазақтарға көмектесу үшін "Жанар" ұйымын ашқан.

"Оян, қазақ!" кітабы тәркіленген

1906 жылы Дулатұлы Петербургке барып келгеннен кейін шығармашылыққа да ден бере бастайды. Қазақтың қамын ойлап жүрген қайраткер өлеңдерін де қазақтың мұң-мұқтажына арнаған.

Үш жылдан кейін сол Петербургте оның алғашқы кітабы жарық көреді - "Оян, қазақ!". Бүкіл халықтың еркіндікке жетуінің басты шарты түнек болып торлаған қараңғылық ұйқысынан ояну, дүр сілкініп, надандықтан арылу деп білген ол: "Оян, қазақ!" деп ұрандаудан танбаған. Сондықтан, Дулатұлы халыққа не айтқысы келетінін өлеңінің алғашқы жолдарынан-ақ білуге болады: "Көзіңді аш, оян, қазақ, көтер басты, Өткізбей қараңғыда бекер жасты".


© aikyn.kz

Бұл кітап қолдан-қолға өтіп, тез тарап кетеді. Сол кезде Міржақып тергеу органдарының бақылауына түседі де, кітаптың таралуына тыйым салынады. Тек екі жылдан соң "Оян, қазақ!" қайта жарық көреді.

Кейін 1913 жылы Орьнборда "Азамат", ал 1915 жылы "Терме" атты өлеңдер кітаптары басылып шығады. Дулатұлының қай кітабын алсаң да, бәрі ел тағдырына арналған.

Міржақыптың шығармашылығындағы ең құнды туындылардың бірі - "Бақытсыз жамал" романы. Бұл қазақ тіліндегі тұңғыш роман еді. Мұнда ескі әдет-ғұрыптың қыспағына түскен қазақ қызының тағдыры, сүйгеніне қосылып, бақытты өмір сүруді армандаған бойжеткеннің трагедиялық жолы баяндалады.

Әдеби туындылардан бөлек, ұстаздық тәжірибесі бар ол оқушыларға арналған оқулық та шығарған. 1922-1926 жылдар арасында Дулатұлы отбасымен бірге Орынборда тұрған екен. Сол кезде өз шығармашылығына көбірек көңіл бөлген. 1922 жылы Ташкентте екі бөлімнен тұратын "Есеп кұралы" оқулығын бастырады. "Балқия" пьесасын жазады.

1925 жылы Орынборда бастауыш мектепке арналған "Есеп құралының" төртінші бөлігі басылып шығады. Солардың бірі былтыр Павлодардағы мешіттің кітаптар қоймасынан табылған.


"Есеп құралы" кітабы. © adebiportal.kz

Мұстафа Шоқайұлы түрмеден алып қашпақ болған

Міржақып Дулатұлы 1911 жылы алғаш рет Патша өкіметінің қаһарына ұшырайды. Жазған мақалалары үшін ол бақылауда болып, "қара тізімге" енеді. Сондықтан қалада оған жұмыс табылмайды. 1911 жылы Семейде ол абақтыға жазықсыз қамалып, 1 жыл 8 ай түрмеде отырып шығады. Сол уақытта Ахмет Байтұрсынұлы да Семей түрмесіне қамалған болатын.

Қоғам қайреткері екінші рет 1928 жылы 29 желтоқсанда тұтқындалады. Оған қазақ ұлтшылы деген айып тағылып, Қызылордадағы түрмеге қамалады. Көрші камераларда Ахмет Байтұрсынұлы мен жазушы Жүсіпбек Аймауытов отырады. Үкім бойынша Міржақып ату жазасына кесілген, кейін жазасын 10 жыл бас бостандығынан айыруға ауыстырған.

Дулатұлы екі жылын Бутыр түрмесінде өткізіп, кейін Соловецкий лагеріне жіберілген. Сол кезде дін қызметшісі Павел Флоренский оны танып, ауруханаға фельдшер етіп жұмысқа тұрғызған. Кейін Мұстафа Шоқай оны Франциядан барған сауда кемесі арқылы түрмеден алып қашпақ болған. Бірақ Міржақып кейін отбасына кесірі тиюі мүмкін деп, қашудан бас тартқан.

Дулатұлын кім ақтап алған?

1914 жылы 14 мамырда Дулатұлы Омбыда Ғайнижамал Баймұратқызына үйленеді. Естеліктер бойынша, той "Коломзино" станциясының мейрамханасында өткен екен.

Алаш қайраткерінің бес баласы болған. Тұңғышы - Гүлнәр 1915 жылы дүниеге келген. Кейін Абылай, Халида, Наурызбай, Әлібек есімді балаларды дүниеге әкелген. Бірақ тұңғыш қызынан басқа балаларының бәрі шетінеп кеткен.


Қаламгердің қызы Гүлнәр Дулатова

Дулатұлының атын ақтап шығаруға қызы Гүлнәр септігін тигізген. Қызының бастамасымен 1988 жылы Міржақып Дулатұлы ақталған. Гүлнәр Дулатованың бастауымен Ахмет Байтұрсынұлы мен Әлихан Бөкейхан да ақталған болатын.

1990 жылы арнайы комиссия құрылып, Міржақып Дулатұлының денесін идентификациялаған. Қоғам қайраткерінің денесі Қостанай облысының Бидайық ауылында жерленген.

Читайте также
Join Telegram

Курс валют

 446.77   483   4.85 

 

Погода

 

Редакция Реклама
Социальные сети