Подписывайтесь на канал Tengrinews.kz в WhatsApp
12 июля 2019 18:25

Жазушының сүйікті бес кітабы - Дулат Исабековпен "Бірге оқимыз"

ПОДЕЛИТЬСЯ

Дулат Исабеков. © Ернар Алмабек/massaget.kz Дулат Исабеков. © Ернар Алмабек/massaget.kz

ERG компаниясының қолдауымен Тengrinews.kz сайтында "Бірге оқимыз" жобасы басталған болатын. Бұл жобаның негізгі мақсаты - қазақстандықтардың жас буыны арасында кітап оқуды насихаттап, қазақ тіліндегі туындыларға қызығушылықты арттыру. Осы мақсатта Тengrinews.kz тілшісі алдағы уақытта жазушыларымыздың бес кітабын оқуға ұсынып отырады. Бұл жолы танымал жазушы Дулат Исабековтің сүйікті бес кітабын ұсынамыз.


ERG компаниясының қолдауымен Тengrinews.kz сайтында "Бірге оқимыз" жобасы басталған болатын. Бұл жобаның негізгі мақсаты - қазақстандықтардың жас буыны арасында кітап оқуды насихаттап, қазақ тіліндегі туындыларға қызығушылықты арттыру. Осы мақсатта Тengrinews.kz тілшісі алдағы уақытта жазушыларымыздың бес кітабын оқуға ұсынып отырады. Бұл жолы танымал жазушы Дулат Исабековтің сүйікті бес кітабын ұсынамыз.

Мұхтар Әуезовтің "Қараш-қараш оқиғасы" повесі

Повесть желісі бойынша 16 жастағы Бақтығұл мен оның 10 жастағы жалғыз інісі Тектіғұл екеуі жастайынан жетім қалып, нағашы жұрттарын паналайды. Сөйтіп, Қозыбақ ауылындағы Сәлмен дейтін байдың бірі жылқысын, екіншісі қойын бағып күн көреді. Бірақ бір күні Тектіғұл Сәлменнің кесірінен қайтыс болады. Сондықтан Бақтығұл інісі үшін кек алуды жөн көреді де, байдың жылқысын ұрлап кетеді...

Әуезовтің бұл повесі 1927 жылы жарыққа шықты. "Қараш-қараш оқиғасы" Тұрар Рысқұловтың әкесі Рысқұлдың басынан кеткен оқиғалары бойынша жазылған. Ал 1968 жылы осы шығарманың негізі бойынша "Асуда атылған оқ" атты фильм түсірілді.

Бейімбет Майлиннің әңгімелер жинағы

Дулат Исабековтің айтуынша, ешкім Бейімбет Майлиннің әңгімелерін оқымай, көркем шығарманы меңгердім деп айта алмайды. Қазақ прозасындағы әңгіме жанры Майлиннің шығармалары арқылы кемелдене түсті деп саналады.

Бейімбеттің ең көлемді әрі көркем тұңғыш туындысы - "Шұғаның белгісі". Бұл повесте әйел теңсіздігі сөз болады. Мұнда бірін-бірі сүйсе де, қосыла алмаған Шұға мен Әбдірахманның махаббаты баяндалады. Бұл шығармасы арқылы Майлин сол қоғамдағы әйелдердің орнына тоқталып, ескі дәстүрлерді сынаған.

Одан бөлек Бейімбет Майлиннің "Қара шелек", "Ұлбосын" секілді жоғары бағаға ие болған шығармалары бар.

Төлен Әбдікұлының "Парасат майданы" повесі

"Парасат майданы" - философиялық туынды. Бұл повесте Төлен Әбдікұлының адамзатқа жанайқайы, қоғамның болашағы үшін қам жеуі баяндалады.

Мұнда басты кейіпкердің аты аталмайды, кім екені белгісіз. Ауруханада жатқан кейіпкер адамдардың ізгі қасиеттері туралы ой толғайды. Ең таза сезімдер туралы ойларын күнделікке жаза бастайды. Бірақ оның бұл күнделігін бейтаныс адам оқып, оған жауап жазып кетеді. Бейтаныстың жауабы мейірімдік пен жақсылықты, барлық ізгі қасиетті жоққа шығарып, басты кейіпкерді тығырыққа тірейді. Осы тұста сана соғысы, парасат майданы басталады.

Шығармадан үзінді:

"Рас, ғұмыр ұзаған сайын жадыңнан шығатын заттардың саны да көбейедi. Кезiнде өмiрiңнен орын алған оқиғалар ұмытылып, қайсыбiр мәнсiз көрiнген сәттер есiңде қалуы әбден мүмкiн. Бiрге оқыған, бiрге жүрген адамдардың аты-жөнiн есiңе түсiре алмайсың, шырамытсаң да, жыға танымайсың. Ескi достықтан, кездескен күндерден iз де қалмайды. Өмiрiң әлде бiр құрдымға құйып жатқан өзен секiлдi".

Бексұлтан Нұржекеевтің "Әй, дүние-ай!" романы

Бұл роман қазақ халқының XX ғасырда бастан өткізген оқиғаларын баяндайды.

"Әй, дүние-ай!" үш бөлімнен тұрады. Біріншісі - 1916 жылы Ресей патшасының қазақ халқын майданның қара жұмысына тарту туралы жарлығынан соң болған отаршылдық оқиғалары. Екіншісі - ашаршылық, саяси қуғын-сүргін кезеңі, Екінші дүниежүзіліс соғыстағы қазақ халқының қайғысы. Ал үшіншісі -1986 жылғы қазақ жастарының көтерілісі, бес жылдан кейін келген тәуелсіздік.

Бексұлтан Нұржекеевтің бұл шығармасы 2015 жылы жарық көрген.

Мұрат Әуезовтің "Времен связующая нить" кітабы

Мұхтар Әуезовтің ұлы Мұрат 1972 жылы "Времен связующая нить" атты монографиясын жария еткен болатын. Мұнда өткен шақ пен болашақ байланысқан, арасын жалғап тұрған рухани жіп болады.

Кітапта Мұрат Әуезовтің өмірінің түрлі кезеңдердегі естеліктері жазылған. Мұнда мәдени проблемалар бойынша зерттеулер, заманауи саяси процестер туралы мақалалар, жол-сапар очерктері мен сұхбаттар жарияланған. Кітап орыс тілінде жарық көрген. Бірақ Дулат Исабековтің айтуынша, театр спектаклін көрген секілді бұл кітапты оқығаннан кейін адам өзгереді.

Айта кетейік, Alash Media Group холдингі мен ERG компаниясы бірлесіп "Бірге оқимыз" атты жаңа арнайы жобасын бастаған еді. Бұл жоба аясында түрлі туындыларды оқуға дайын эстрада, кино және телевизия жұлдыздарының қатысуымен теле- және радиобағдарламалар шығады. "Бірге оқимыз" жобасының негізгі мақсаты - қазақстандықтардың жас буыны арасында кітап оқуды насихаттап, қазақ тіліндегі туындыларға қызығушылықты арттыру. "Бірге оқимыз" арнайы жобасы ERG компаниясының қолдауымен өткізіліп жатыр.

Сондай-ақ, ERG компаниясымен бірге "Талантты балалар", "Жеңімпаздар", "Батырлар арамызда" жобалары қолға алынған.

Читайте также
Join Telegram

Курс валют

 447.35   490.7   4.75 

 

Погода

 

Редакция Реклама
Социальные сети