Подписывайтесь на канал Tengrinews.kz в WhatsApp
26 марта 2020 16:22

"Бірге шайқасайық". Спорт жұлдыздары коронавируспен қалай күресіп жатыр

ПОДЕЛИТЬСЯ

Бүгінде коронавирусқа байланысты әлемде спорт сайыстары тоқтап тұр. Осы сәтте спортшылар вирусқа қарсы күрес бастап, қаржылай көмектесіп жатыр. Кей спортшылар мен клубтар қыруар қаражат берсе, кейбірі ерікті болып қызмет етіп жүр. Tengrinews.kz тілшісі спортшылардың коронавируспен қалай күресіп жатқанына шолу жасады.


Бүгінде коронавирусқа байланысты әлемде спорт сайыстары тоқтап тұр. Осы сәтте спортшылар вирусқа қарсы күрес бастап, қаржылай көмектесіп жатыр. Кей спортшылар мен клубтар қыруар қаражат берсе, кейбірі ерікті болып қызмет етіп жүр. Tengrinews.kz тілшісі спортшылардың коронавируспен қалай күресіп жатқанына шолу жасады.

Таяуда UFC жұлдызы Конор Макгрегордың ирландиялық ауруханаларға коронавируспен күресу үшін бір миллион еуро беретіні хабарланған.

Макгрегор Twitter желісіндегі парақшасында Ирландия қаржы министрі Паскал Донохьюмен жазбасының суретін жариялаған. Сонда ол Лейнстердегі (Ирландия шығысындағы провинция) ауруханаларға миллион еуро беретінін айтқан.

"Бізді коронавируспен ауыр жекпе-жек күтіп тұр, оны созбалауға болмайды. Бұл жекпе-жекке бәрі қатысуы қажет. Коронавируспен бірге төбелесуіміз керек. Уақыт келді", - деп жазған ол. 

Коронавируспен белсенді күресіп жатқандардың бірі - Криштиану Роналду. Таяуда португалиялық футболшы "Үйде бол" челленджі аясында балаларына қолға арналған дезинфекциялық затты қалай пайдалану керегін көрсеткен. Cол сәттің видеосын "Ювентус" ФК әлеуметтік желіде жариялаған. Форвард балаларының алақанына гель жағып, қолдарын тазалауын бақылаған.

Роналду коронавирустан отбасын ғана емес, туған жерін де қорғауға тырысып баққан. Жақында оның агенті Жорже Мендешпен бірге Португалиядағы ауруханаларға көмектесетіні хабарланған. Олар Лиссабон мен Портудағы ауруханалардың интенсив терапия бөлімдерін толық қаржыландырады.

"Роналду мен Мендеш екі бөлімше салады. Әрқайсы коронавирус жұқтырған ауыр халдегі науқастарды қарауға қажетті барлық құрылғымен жабдықталады", - делінген Лиссабон ауруханасының хабарламасында.

"Барселона" капитаны Лионель Месси де шетте қарап қалмады. Ол коронавируспен күреске бір миллион еуро берген. Бұл қаражат Барселонадағы аурухана мен Аргентинадағы медициналық орталық арасында бөлінеді. Месси берген ақша қажетті құрылғылар мен қорғаныс заттарын сатып алуға кетеді.

Каталониялық танымал бапкер Хосеп Гвардиола да коронавируспен күреске бір миллион еуро бөлген. Бұл қаржажатқа Барселонадағы ауруханаларға қажетті санитариялық құрылғылар мен материалдар сатып алынады.

Футбол әлеміндегі танымал бапкерлердің бірі, "Тоттенхэмді" жаттықтыратын Жозе Моуриньо бір күн ерікті болып жұмыс істеді. Ол Лондондағы аудандардың бірінде тұратын егде адамдарға ең қажетті тауарлар апарып берген.

Ал Германияда "Бавария" ойыншылары коронавируспен күреске арналған қор ашты. Оны бастаған - Леон Горецка мен Йозуа Киммих.

"Біз алаңда кез келгенінен басым түсеміз, бірақ коронавирусты тек бірге жеңе аламыз! Сондықтан Киммих екеуіміз осындай қор аштық", - деді Горецка.

Бұл қор ашылған соң оларға командаласы және Польша құрамасының көшбасшысы Роберт Левандовси де қосылды. Ол ұйымның есепшотына бір миллион еуро құйған.

"Ливерпуль" шабуылшысы Мохамед Салах та коронавируспен күресуге атсалысып жатыр. Ол Мысыр халқына көмектесу үшін 1,17 миллион еуро берген.

"Салах Covid-19 вирусымен күреске 20 миллион мысырлық фунт берді. Бұл - өз елінде спорт символына айналған нағыз мысырлықтың ісі", - деді Мысырдың бұрынғы спорт министрі Халед Абдулазиз.

Спортшылар өз елдеріне ақшалай ғана көмектесіп жатқан жоқ. Мысалы, "Манчестер Юнайтедтің" бұрынғы ойыншылары Гари Невилл мен Райан Гиггз екі қонақүйін Ұлыбритания ұлттық денсаулық сақтау қызметінің қолданысына берді. "Челси" футбол клубы стадиондағы қонақүйін Лондонда коронавируспен күресіп жатқан дәрігерлерге берді.

Ал "Олимпиакос" баскетбол клубының қожайындары Панайотис және Йоргос Ангелопулостар Грекия денсаулық сақтау ұлттық жүйесіне бір миллион еуро аударған. Америкалық "Даллас" баскетбол клубының қожайыны Марк Кьюбан командадағы екі ойыншымен бірлесіп 500 мың еуро бөлген. Бұл қаражат Техасс университетінің медициналық орталығы мен Далластағы "Парклэнд" ауруханасына берілді.

Жалпы Ұлттық баскетбол қауымдастығының басшылары қазір коронавируспен күреске 50 миллион доллар жинауды жоспарлап отыр. Басқа да спортшылар мен клубтар мүмкіндігінше түрлі деңгейде коронавирусқа қарсы күреске атсалысып жатыр. 

Наурыздың басынан бері әлемдегі барлық спорт сайысы шегеріліп жатыр. Биыл жазға жоспарланған футболдан Еуропа чемпионаты мен Токиодағы жазғы Олимпиада ойындарына 2021 жылға ауыстырылды.

Читайте также
Join Telegram

Курс валют

 444.32   490.7   4.78 

 

Погода

 

Редакция Реклама
Социальные сети