Подписывайтесь на канал Tengrinews.kz в WhatsApp
27 октября 2020 17:49

"Ата-анама қарайтын бет жоқ". Құмар ойын жетегінде кеткен жігіттің әңгімесі

ПОДЕЛИТЬСЯ

Фото: betting.team Фото: betting.team

Ақтөбелік Ұлан (аты-жөнін атамауды сұрады - авт. еск.) он жылдан бері бір проблемасынан арыла алмай келеді - бәс тігу. Сол үшін оқуынан шығып, ата-анасы мен достары алдында құрметі қалмағанын айтады. Бүгінде қарызы 2 миллион теңгеге таяған. Tengrinews.kz тілшісі құмаройыннан құтыла алмай жүрген Ұланның ашық әңгімесін жариялайды.


Ақтөбелік Ұлан (аты-жөнін атамауды сұрады - авт. еск.) он жылдан бері бір проблемасынан арыла алмай келеді - бәс тігу. Сол үшін оқуынан шығып, ата-анасы мен достары алдында құрметі қалмағанын айтады. Бүгінде қарызы 2 миллион теңгеге таяған. Tengrinews.kz тілшісі құмаройыннан құтыла алмай жүрген Ұланның ашық әңгімесін жариялайды.

Бәс тігуді мектепте бастадым

Бәс тігуге мектепте жүргенімде құмартатынмын. Қателеспесем, 10-сыныптарда болуы керек. Сол кезде мектептегі көп жігіт бірігіп, бәс тігетінбіз. Ал арасында мен ең үлкен сияқты болып көрінетінмін. Сондықтан, бәрі ақшасын маған беріп, мен букмекерлік кеңсеге кіріп кетемін. Кассада бәс қабылдайтын қыз 21 жасқа толған-толмағанымды сұрамайтын да.

Бірақ ол кезде мектеп оқушысы болған соң бәске көп ақша тікпейтінбіз. Мектепте тамақ ал деп берген ақшаны жинап, 500 теңгеге бәс тігеміз. Ол кезде бәс тігуге қатты құмартпайтынмын, тек қызығушылық болды. Бірақ бір күні букмекерден 67 мың теңге ұтып алдым. 10-сынып оқушысы үшін қалтаңда 67 мың теңге болуы ғажап еді. Аз уақыт қуанышым мен ұзақ уақыт проблемам сол кезде басталды. Себебі бәс тігіп, көп ақша ұтып алуға болады деген ой келді.


Фото: gorvesti.ru

Басында бәрі жақсы болатын

Сөйтіп, 2012 жылы Алматыдағы жоғары оқу орындарының біріне түстім. Ақтөбеде бір мектепте оқыған достарыммен бір пәтер жалдадық. Бәс тігуді доғармаған едім, ал Алматыда мені бақылайтын ата-анам мен туыстарым болмады. Еркіндік сол кезде басталды.

Тамыздың ортасы. 1-курстағы оқу әлі басталмады. Ата-анам бір айға деп қалдырып кеткен ақшаны алып, әр күнім букмекерлік кеңседе өтті. Күн сайын таңғы 4-5-ке таман үйге ораламын. Қалтамда толған ақша. Себебі бәс тігемін деп алып кететін ақшаны 2-3 еселеп алып қайтамын. Былайша айтқанда, "қол жүріп" тұрды.

Букмекерде қалтасындағы соңғы ақшасын "қадалып", енді не істерін білмей отырған адамдарға қарап, іштей күлетінмін. Біреулер жалақысын, біреулер несиені төлейтін ақшасын ұтылып жатады. Ал мен осынша ақшаны қалай ұтылып қалатынын түсінбейтінмін.

Күнде түрлі тамақ, күнде түрлі киім, күнде қыдыру. Букмекердің ақшасын "тонап жүргенімде", күнім солай өтетін. Бір тиын да жинамаппын.

Алматыда жарты жыл ғана оқыдым

Қыркүйекте оқу басталды. Бірақ оқу ойымда да болмады. Сабаққа бармаймын, күндіз-түні букмекерлік кеңседе отырамын. Бір күні қалтам толы ақшамен букмекерлік кеңсеге тағы келдім. Мені бәрі танып алған. Кезекті ұтысымды алып кетуге келдім. Бірақ "қол жүрмеді". Қалтамнан ақша азая бастады, соңғы 500 теңге қалғанын өзім де байқамадым. Сол соңғы ақшамды ұтылып, үйге келдім. Таң атып қалған.

Сөйтіп, бірнеше күн бойы букмекерлік кеңседен шықпадым. Күн сайын ұтылып қайтамын. Бір күні қалтамда мүлде ақша қалмады. Үйге оралған соң, енді не істеймін деп ойлана бастадым. Бар ойым ұтылған ақшамды қайтару. Сол кезде бір ой келе қалды.


Фото: Pixabay.com 

Көзіме ноутбук түсті. Пәтерде бірге тұратын досымдікі, ол үйде жоқ. Ноутбукті тездетіп, ломбардқа алып бардым. Ойым - досым келгенше бәстен ақша ұтып, ноутбукты ломбардтан қайтарып алу. Бірақ бұл жолы да ойым жүзеге аспады, ақшамның бәрінен айырылдым. Досыма жағдайды түсіндіріп, ноутбугін бір апта ішінде қайтарып беруге уәде еттім. Бірақ тек үш айдан соң ғана қайтардым. Ол кезде досым басқа пәтерге көшіп кеткен. 

Осы жағдайдан кейін достарым басқа пәтерлерге көше бастады. Жалғыз қалдым. Сонда да Ақтөбедегі ата-анам ақша салып жіберген күні бірден букмекер аралап кетемін. Қысқа дейін күнім солай өтті. Нәтижесінде бірінші семестрден кейін оқудан шығарып жіберді.

Достарым сенбейтін болды

Сөйтіп, жарты жыл Алматыда "оқып", Ақтөбеге оралдым. Ата-анамнан кешірім сұрап, күзетші болып жұмысқа орналасып, бәрін қайта бастағым келді. Бірақ көп ұзамай бұрынғы өміріме қайта келдім. Себебі күзетте жүрген жігіттердің көбі бәс тігетін, мен де соларға еріп кеттім.

Басында жалақымның жартысын ата-анама беріп, қалғанын букмекерде ұтылатынмын. Бірақ құмар ойын оңайлықпен жібере салмады, кейін жалақымның бәрін букмекерге жіберетін болдым.


Фото: Pixabay.com 

Артынша жалақымның бәрін ұтылып, банктер мен микроқаржы ұйымдарынан несие ала бастадым. Расын айтқанда, дәл сол кезде Қазақстанның несие беру жүйесін толық үйреніп алдым.

Несиелер төленбей қалған соң, достарымнан қарызға ақша сұрауды бастадым. Әр кезде сылтауым әр түрлі болады. Бірінен ағамның еміне деп сұрасам, басқа біреуге танысымның көлігін бұзып алдым деймін. Көп ұзамай, достарым да оның бәрі өтірік екенін түсінді.

Қарызым - 1,8 миллион теңге

Қазір ойласам, букмекерде бәс тігуді 2010 жылы бастаппын. Биыл 10 жыл болды. Бәс тігудің керегі жоқ екенін іштей түсінсем де, қолымда ақшам болса, бағымды тағы бір сынап көргім келіп тұрады. Бұл жәй ғана қызығушылықтан ауруға ұласқан сияқты.

Ата-анама қарайтын бетім жоқ. Үйге келе салып, ешкіммен сөйлеспей, бөлмемде жата беремін. Олармен бір үстелде отырып, тамақ ішуге ұяламын. Анам талай рет жылап тұрып, букмекерді ұмытуымды сұраған. Университетте 6 ай ғана оқып, туыстарына масқара қылып жүрген баласымен қалай мақтансын?


Фото: depositphotos

Дәл қазір 1,8 миллион теңге қарызым бар. Ал жалақым 90 мың теңге. Оның бәрінен қалай құтыларымды білмеймін.

Бәс қоюды қалай доғарарымды білмей жүрмін. Қазір жалақымның бәрін анама әкеліп беремін. Ол өзі де шамалы ақша қосып, қарыздарымнан құтылып жатыр. Ал мен іштей әлі қоя алмай жүрмін. Кейде нашақор сезініп кетемін өзімді. Спорт ойындары басталса, бәс тігіп жібергім келіп тұрады. Ертеңіне ондай әсер кетеді. Сол кезде жалақымның өзімде болмағанына, ешкімнің қарыз бермейтініне іштей қуанып қаламын.

Читайте также
Join Telegram

Курс валют

 440.97   490.7   4.81 

 

Погода

 

Редакция Реклама
Социальные сети