Подписывайтесь на канал Tengrinews.kz в WhatsApp
27 августа 2020 14:12

Министр мұқтаж отбасыларға компьютерлер қайдан алып берілетінін айтты

Даурен Ерболат Журналист

ПОДЕЛИТЬСЯ

Фото: dixi.education Фото: dixi.education

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мұқтаж отбасыларға компьютерлер қайдан берілетінін айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.


Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мұқтаж отбасыларға компьютерлер қайдан берілетінін айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Министрдің айтуынша, мектептерге компьютерлерді сатып алу мәселесінде кәсіпкерлерге қысым жасалып жатқан жоқ.

"Бұл - өте өзекті мәселе. Қазіргі таңда кәсіпкерлер мен меценаттарды компьютер сатып алуға ешкім мәжбүрлемейді. Менің ойымша, бизнеске күшпен сатып алғызу дұрыс емес әрі заңсыз. Компьютермен қамтамасыз ету мәселесіне тоқталайын. Елімізде 20 жыл бойы 1 тамыздан бастап, "Мектепке жол" республикалық акциясы ұйымдастырылып келеді. Жыл сайын акция аясында меценаттар, мемлекеттік қызметкерлер, қоғам мүшелері мектеп заттарын, мектеп формасын, компьютер, планшет сатып алып, көмектесті. Осы жылы бұл акцияға меценаттар, кәсіпкерлер, қоғамдық бірлестіктер, қоғам мүшелері қатысатын шығар", - деді министр орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Сондай-ақ, Аймағамбетов бұл мәселеде жауапкершілікті меценаттарға жүктеу туралы ақпарат шындыққа жанаспайтынын атап өтті.

"Біріншіден, осы жылдың төртінші тоқсанынан бастап, жергілікті атқарушы органдар компьютерлерді сатып алуға тиіс қаржыны бөлді және бөліп жатыр. Екіншіден, республикалық бюджеттен жергілікті атқарушы органдар, әкімдіктер жоқ дегенде мұқтаж азаматтарды компьютермен қамтамасыз ету бойынша трансферттер бөлінді. Қазіргі таңда әкімдіктер компьютерлерді сатып алып жатыр. Біз 1 қыркүйекке дейін 420-450 мың компьютерді оқушыларға уақытша пайдалануға бергелі отырмыз", - деді министр.

Сонымен қатар, ол бұл компьютерлер оқушыларға тек уақытша берілетінін жеткізді.

"Бұл мектептің мүлкі екенін түсіну керек. Қазіргі таңда "бұл компьютерлерді толық пайдалануға беру керек" деген мәселе көтеріліп жатыр. Алайда мұнда компьютерлер мектептер және оқушылар пайдалануы үшін сатып алынып жатыр. Ол - мектептің мүлкі. Көп компьютерді сатып алу орынды деп ойлаймын", - деп түйіндеді сөзін Аймағамбетов.

Еске салайық, елімізде алғаш рет оқу жылы қашықтан оқудан басталады. 1-4 сынып оқушылары үшін кезекші топтар ашылады.

Қазақстан жаңалықтары. Соңғы жаңалықтар. Telegram желісінде бізге жазыл! 

Читайте также
Join Telegram

Курс валют

 441.43   490.7   4.83 

 

Погода

 

Редакция Реклама
Социальные сети