Подписывайтесь на канал Tengrinews.kz в WhatsApp
30 декабря 2019 14:47

"Қазақстандағы шок". Спортшыларымыздың биылғы басты сенсациялары

ПОДЕЛИТЬСЯ

Қазақстандық спортшылар 2019 жылы жанкүйерлерін ұмытылмас жеңістермен қуанта алды. Кейде ешкім сенбеген кезде де спортшыларымыз жеңіске жеткен. Tengrinews.kz тілшісі қазақстандық спорттағы биылғы басты сенсацияларға шолу жасады.


Қазақстандық спортшылар 2019 жылы жанкүйерлерін ұмытылмас жеңістермен қуанта алды. Кейде ешкім сенбеген кезде де спортшыларымыз жеңіске жеткен. Tengrinews.kz тілшісі қазақстандық спорттағы биылғы басты сенсацияларға шолу жасады.

Футболшылардың мейрамға сыйлығы


Қазақстан - Шотландия матчы. Фото: ҚФФ

Футболдан 2020 жылғы Еуропа чемпионаты іріктеу кезеңінің алғашқы матчында қазақстандықтар Шотландиямен кездескен. Ойын Наурыз мейрамы алдында, 21 наурызда "Астана Аренада" өткен. Шотландия құрамасы сапында англиялық "Ливерпуль", "Манчестер Юнайтед" және "Саутгемптон" секілді клубтарда ойнайтын азулы футболшылар бар болғандықтан жанкүйерлер Қазақстаннан ірі жеңіс күте қоймаған.

Матчтың 6-минутында Юрий Перцух алаң иелерін алға шығарды. Араға төрт минут салып, Ян Вороговский есепті ұлғайтты. Ал үзілістен кейін Бахтиер Зайнутдинов қазақстандықтардың үшінші голын соқты. Осылайша, алаң иелері Шотландиядан келген қонақтарды ірі есеппен жеңді- 3:0. 

Бұл Қазақстан құрамасының биылғы ауыз толтырып айтарлық жалғыз жеңісі болды. Одан бөлек қазақстандықтар екі рет Сан-Марино құрамасын жеңген.

Тұрсынбаева тарихқа енді


Фото: isu.org

Қазақстан - Шотландия матчынан кейін келесі күні қазақстандық спорт жанкүйерлерін тағы бір табыс күтіп тұрды. Мәнерлеп сырғанаушы Элизабет Тұрсынбаева әлем чемпионатында сәтті өнер көрсетті. Әлемдік дода Жапонияның Сайтама қаласында өткен.

Жарыстың қысқа бағдарламасында Тұрсынбаева 75,96 ұпай жинады - бұл оның маусымдағы ең үздік көрсеткіші болатын. Алғашқы күннен соң қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы үшінші орында тұрған.

Бәрін келесі күні еркін бағдарлама шешіп кетті. Элизабет онда төрттік сальховты орындады. Мәнерлеп сырғанауда әйелдер арасында мұндай қиын элементті ешкім бұрын орындай алмаған еді. Әдемі өнерінің арқасында Тұрсынбаева 224.76 ұпай жинап, әлемнің вице-чемпионы атанды.

Бұл Элизабет Тұрсынбаеваның карьерасындағы ең жоғары көрсеткіші саналады.

Гамбургтегі сенсация

Қарашада суперауыр салмақта өнер көрсететін Жан Кособуцкийдің жеңісін көп адам сенсация деп бағалады.

Гамбургте 30 жастағы отандасымыз 29 жастағы хорват Агрон Смакичимен жұдырықтасқан. Қазақстандық боксшы бұған дейін 11 жекпе-жегінің бәрінде жеңген, оның 10-ы нокаутпен аяқталған еді. Хорват та осал емес, кездесудің фавориті саналған. Смакичи бұған дейін 15 қарсыласының бәрін жеңген, оның 13-ін нокаутқа түсірген болатын.

Бірақ Кособуцкий қаймықпай, қарсыласын бірінші раундта нокдаунға түсірді. Көп ұзамай қарсыласын ауыр нокаутқа түсірді.

Ешкім күтпеген жеңіс


Фото: ҚБФ

Биыл қыркүйекте Ресейде бокстан әлем чемпионаты өткен. 81 келіге дейінгі салмақта әлі таныла қоймаған 21 жастағы Бекзат Нұрдәулетов бақ сынады. Қазақстандық боксшыдан жанкүйерлер "алтын медаль алады" деп күте қоймаған еді.

Бекзат турнир барысында қырғызстандық Еркін Адилбекуулын, бразилиялық Кено Мачадоны, түркиялық Байрам Малканды жарыс жолынан шығарып тастады. Ал нағыз сенсация жартылай финалда болды. Қазақ боксшысы төрт дүркін әлем чемпионы, Рио олимпиадасының чемпионы кубалық Хулио Цезар Ла Крузбен жұдырықтасып, оны нокдаунға түсірді.

Осылайша, сенімді жеңген ол финалда өзбек боксшысы Дилшодбек Рузметовтен басым түсіп, бокстан әлем чемпионы атанды.

"Манчестер Юнайтед" елордада тізе бүкті


© Тұрар Қазанғапов

Биылғы Еуропа лигасы топтық кезеңінің жеребесі тартылғаннан кейін қазақстандық жанкүйерлер "Манчестер Юнайтедтің" елордаға келуін тағатсыздана күткен. Бірақ манчестерлік гранд "Астанамен" матч алдында топтық кезеңнен шығып қойып, Нұр-Сұлтанға резервтегі жас футболшыларын алып келген. Бірақ қай құраммен келсе де, "МЮ-дің" статусы түскен жоқ.

Матчтың 10-минутында Джесси Лингард алыстан дәл соққы жасап, қонақтарды алға шығарған. Ал екінші таймды "Астана" қос голмен бастады. 55-минутта Роман Мұртазаевтың пасынан кейін Дмитрий Шомко таразы басын теңестірген. Араға бірнеше минут салып, алаң иелері алға шықты - Ди'Шон Бернард допты өз қақпасына тоғытты. 2:1 - "Астана" сенсация жасады.

Ұлыбританиялық таблоид ойынды "бұл - футболдағы катастрофа" деп бағаласа, ресейлік БАҚ "Қазақстандағы шок" деп жазған.

Бұл қазақстандық футболдағы ең жарқын жеңістердің бірі болды. Бірақ бұл жеңіс "Астанаға" турнирлік тұрғыда пайда әкелмейді, команда плэй-офф кезеңіне шығу мүмкіндігінен айырылған.

Читайте также
Join Telegram

Курс валют

 441.58   490.7   4.81 

 

Погода

 

Редакция Реклама
Социальные сети